«Мүгедектігі бар балалардың ата-аналары үшін тұрғын үй жағдайларын жақсарту» тақырыбындағы сараптамалық кездесуге «Құқық» академиялық мектебі өкілдерінің қатысуы
«Мүгедектігі бар балалардың ата-аналары үшін тұрғын үй жағдайларын жақсарту» тақырыбындағы сараптамалық кездесуге «Құқық» академиялық мектебі өкілдерінің қатысуы
«Q University» мекемесінің «Құқық» академиялық мектебі мектептің серіктесі — ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар мен отбасыларға қолдау көрсететін «Мама Pro» Қоғамдық қорының Алматы қаласындағы филиалымен ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуды жалғастыруда.
2026 жылғы 14 мамырда университетте «Мүгедектігі бар балалардың ата-аналары үшін тұрғын үй жағдайларын жақсарту» тақырыбында сараптамалық кездесу өтті. Іс-шара «Мама Pro» Қоғамдық қоры мен Орталық Азияның Еуразия қорының (ОАЕҚ) бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді.
Іс-шараға мектеп өкілдері — заң ғылымдарының кандидаты, доцент Умурзаков Е.А. және аға оқытушы, тәжірибелі заңгер Жумаева М.С. қатысты. Кездесу барысында оқытушылар сарапшы ретінде сөз сөйлеп, қатысушылармен бірге мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың тұрғын үй жағдайларын жақсартудың өзекті мәселелерін талқылады.
Сараптамалық кездесу қатысушылары мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды тұрақты, қауіпсіз және лайықты тұрғын үймен қамтамасыз ету Алматы қаласының әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылуы тиіс екенін атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша Алматы қаласының әкімдігі мен тиісті мемлекеттік органдарға жолдау үшін бірқатар ұсыныстар мен ұсынымдарды қамтитын қарар қабылданды.
Өз кезегінде, «Құқық» академиялық мектебі қатысушыларды мектеп жанындағы заң клиникасының қызметі туралы, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға клиниканың тәжірибелі заңгер-оқытушылары тарапынан тегін заң көмегінің көрсетілетіні туралы хабардар етті.
