«Q» University» университетінде Мадрид қаласындағы Комплутенсе университетінің психология ғылымдарының докторы Мануэль Мартинэс Санчез дәріс оқыды
2025 жылғы 6 қазанда «Q» University» университетінің «Психология және журналистика» академиялық мектебінде студенттерге арналған ашық дәріс өтті. Дәрісті Испанияның Мадрид қаласындағы Комплутенсе университетінің психология ғылымдарының докторы, клиникалық психолог және халықаралық психоанализ саласындағы жетекші маман Мануэль Мартинэс Санчез жүргізді.
Доктор – Испания Білім министрлігі сертификаттаған клиникалық психолог, Халықаралық психоанализ қауымдастығының (IPA) Мадрид психоанализ қауымдастығы (APM) арқылы дидактикалық аналитигі және супервизоры, сондай-ақ Шандор Ференци атындағы халықаралық зерттеу тобының мүшесі.
Дәріс тақырыбы: «Испаниядағы психоанализ және клиникалық психологияның қазіргі бағыттары»
Дәріс барысында профессор өзінің клиникалық тәжірибесімен бөлісіп, психоанализдің заманауи бағыттары, психологтарды даярлаудағы этика мен супервизияның рөлі, сондай-ақ Еуропадағы мамандардың кәсіби бірегейлігінің ерекшеліктері туралы баяндады.
Сонымен қатар стресс жағдайында төзімділік, эмпатия, өзіндік рефлексия және қоғам алдындағы кәсіби жауапкершілік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл тақырыптар «Q» University» университетінің «Психология» және «Журналистика» мамандықтарының студенттері үшін аса маңызды болып табылады.
Кездесу ғылыми диалог рухында өтті. Студенттер мен оқытушылар Испаниядағы психологтарды даярлау ерекшеліктері, халықаралық тағылымдамалар мен бірлескен зерттеу жобалары туралы сұрақтар қойды.
«Психология және журналистика» академиялық мектебінің басшысы бұл дәрістің «Q» University» мен Universidad Complutense de Madrid арасындағы академиялық әріптестікті нығайтуға, сондай-ақ психикалық денсаулық, стресс және кәсіби этика салаларындағы халықаралық ғылыми байланыстарды дамытуға ықпал еткенін атап өтті.